1956 жылдан бастап 2-сәуір күні Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсеннің туған күніне орай «Халықаралық балаларға арналған кітап күні» болып атап өтіледі. Осыған орай, үшінші сәуір күні Шет аудандық балалар кітапханасында «Кітап-балалардың ең жақсы досы» атты балалар кітабы апталығының аясында «Андерсенландияға саяхат» тақырыбында әдеби викторина, кітап жаймасы ұйымдастырылып, жаңадан түскен кітаптар бойынша саяхат өткізілді.
Бұл мәдени шараның мақсаты – балаларды әлем әдебиетінің үздік туындыларымен, дат жазушысы, әлемге әйгілі балалар және ересектерге арналған ертегілердің авторы Ганс Христиан Андерсеннің өмірі мен таңғажайып шығармаларымен таныстыру, балаларды кітап оқуға ынталандыру, еңбексүйгіштікке, ұқыптылыққа, тазалыққа, адамгершілікке, ізгі қасиеттерге баулу.
Андерсен ертегілерінің ішіндегі әйгілілері – «Кішкентай Иданың гүлдері», «Түймеқыз», «Патшаның жаңа көйлегі», «Жабайы аққулар», «Ұшақ-сандық», «Жауыз патша», «Періште», «Қалыңдық пен күйеу», «Ұсқынсыз үйрек», «Қар ханшайымы», «Әже», «Көлеңке», «Жыл тарихы», «Жел Вальдемар До мен оның қыздары туралы айтады», «Нанды басып кеткен қыз» атты ертегілері.
Жазушының бірнеше ертегілері оқылып, шығарма тәрбиелік тұрғыда талданып, ертегілердің кейіпкерлері бойынша викторина сұрақтары қойылып, оқушылардың Андерсен шығармашылығы жайындағы білімдері тексерілді. Аса бір белсенділікпен шығармаларды талдаған оқушылар ғажайып ертегілер әлеміне әдеби саяхат жасап, жаңа кітаптармен танысты.
Дат жазушысының барлық туындыларында әділдіктің әділетсіздікті, мейірімділіктің жауыздықты түбі жеңетіндігіне деген терең сенім бар. Ганс ертегілерінде әр түрлі қызықты оқиғалар болып отырады. Андерсен ертегілерін тек балалар ғана емес, үлкендер де қызыға оқиды. Себебі, оның ертегілері әр түрлі жастағы, әр түрлі таптағы адамдарға арналған. Андерсен ертегілері адам санасын оятады, онда халық даналығы тұнық күйінде сақталған.
Comentários